Футбол туралы арнайы заң қабылдау керек –  сенатор

Qaz365.kz редакциясы

Клубтарды қаржыландыру мәселелері - айтылмайтын тақырып.

Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстан футболына шетелдік легионерлерді тарту, қаржыландырудың ашық еместігі жайлы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сенатордың сөзінше, клубтарды қаржыландыру мен легионерлерге жоғары жалақы төлеу мәселелері айтылмайтын тақырып, бұл қаржының тиімді бөлінуіне бақылауды қиындатады.

«Еуропаның топ құрамаларының бапкерлерінен біразынан көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Көптеген мемлекеттерде футболға қатысты арнайы заң қабылданған. Осы саладағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін бәлкім бізге де футбол туралы арнайы заң қабылдаудың уақыты келген шығар», - деді депутат. 

Оның пікірінше, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, бірыңғай жүйе қабылдау арқылы нәтижеге жеткен.

«Бір кездері бізбен деңгейлес болған, қазір командалары Олимпиада ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында көзге түсіп жүрген Грузия, Өзбекстан сияқты елдер балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, инфоқұрылымды дамыту, бірыңғай жүйе қабылдау, футбол алаңдары мен стадиондар салу арқылы нәтижеге жеткені белгілі», - дейді сенатор