Қызылжар футбол клубы басшылары миллиондаған қаржыны жымқырған

Nur-Altay Umirzak

Бұл іске клубтың экс-президенті Григорий Лорияның қатысы бар болып шықты

Фото: kazfootball.kz

Солтүстік Қазақстан облысында «Қызылжар СК» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде футбол клубының өкілдері миллиондаған қарыздарына байланысты тергеуге алынғаны туралы ақпарат тараған. Тергеушілер бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтаған, сондай-ақ бұл іске клубтың экс-президенті Григорий Лорияның қатысы бар болып шықты.

«СҚО прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті клубтың салық міндеттемелері бойынша қарыздарының себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларын жүргізуде. Клуб тергеу органдарына толық көмек көрсетуге дайын екенін және қалыптасқан жағдайды реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын хабарлайды», – делінген «Қызылжар СК» футбол клубы баспасөз қызметінің ресми жауабында.

Бұл ақпаратқа Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы да пікір білдірді.

«Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы тергеу бірыңғай тізілімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында «Қызылжар СК» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу шеңберінде қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарына сәйкес кешенді тергеу шаралары жүзеге асырылуда», – деп мәлімдеді өңірдің прокуратурасы.