Маңғыстаулық әлем чемпионы сыйақысын балалар үйіне табыстады

Nur-Altay Umirzak

Ол өңірде әлем чемпионы ретінде сыйақысын балалар үйіне ұсынған жалғыз спортшы

Сурет: t.me/mangystau_news

Әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы, маңғыстаулық спортшы Нұрсұлтан Жұбатқан жеңісі үшін сыйға алған 1 миллион теңгені балалар үйіне қайырымдылыққа берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығы мәлімдеді.

"Әлем чемпионатында жеңіске жеткенімде, менің қуанышыммен қатар, сол жеңісті балалармен бөлісу ниетім болды. Алдағы мерекелерде балалардың жүздеріндегі күлкі мен қуаныштың көрінуі мен үшін үлкен бақыт. Спорт тек күш-жігерді арттыру үшін ғана емес, мейірімділік пен ынтымақтастықты насихаттайтынын көрсеткім келеді. Осы арқылы біз өзіміздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, болашақ ұрпаққа үлгі болуға тырысамыз. Сондықтан, менің бұл ісім балаларға шабыт беріп, олардың армандарына жетуге көмектеседі деген сенімдемін", - деді әлем чемпионы.

Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің басшысы Сәру Ермұханова Нұрсұлтан Жұбатқан әлем чемпионы ретінде өз сыйын ұсынған алғашқы адам екенін айтты.

"Біздің өңірімізден осындай чемпион шыққанына өте қуаныштымын. Нұрсұлтан Жұбатқанды балалармен таныстырып, сол сияқты ел намысын қорғайтын жеңімпаз болсын деген тілек білдірдік. Ата-анасына, жеке жаттықтырушысына алғыс айтамын. Жеңістің жеңісіне, шыңның шыңына жете берсін", - деді Сәру Ермұханова.