Бес баласы бар боксшы келін қайын атасына алғыс айтты

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Араға ұзақ жылдар салып құрамаға оралған боксшы Әйгерім Сәттібаева 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер бәсекесі бойынша жартылай финал басталды. Әйгерім 48 келіде жұдырықтасты. Ол жартылай финалда Өзбекстан спортшысы Феруза Казаковаға 1:4 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, спортшы бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Ол ұзақ үзілістен соң 2023 жылы боксқа оралған еді. Әйгерімнің жұбайы – бокстан Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев. Қайын атасы елге белгілі журналист Көсемәлі Сәттібаев. Боксшы келін жарыс кезінде балаларына бас-көз болған ата-енесіне алғысын білдірді.

Бір ай үйде болған жоқпын. Осы уақыт аралығында бес балама қарап, еш алаңсыз жаттығу жасауыма мүмкіндік берген алдымен Алла, сонан соң ата-енем, сол кісілерге алғысымды айтамын. Балаларым жеңіспен келуімді сұраған, болмай қалды. Аллаға шүкір, құр қол келмеймін, - дейді Әйгерім Сәттібаева.