Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды

Qaz365.kz редакциясы

Ол үш үміткердің ортасынан суырылып шықты.

Фото: kff.kz

Бүгін Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс XXVII сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібінде ең басты мәселе – жаңа президент сайлау болатын. Енді федерацияны алдағы төрт жылда Марат Омаров басқарады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Біздің айтып отырғанымыз, әнші Марат Омаров емес, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров. Ол үш үміткердің ортасынан суырылып шықты.

Алғашында алты адам болғанымен, соңғы сәтте үшеу өз үміткерлігін алып тастады. Сөйтіп, Алтай Даумов, Ербол Қайыровтарды артқа тастап, Марат Омаров сайланды.

Айта кетейік, жаңа президент 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Англияда білім алған.  Еңбек жолын ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде кеңесші болып бастаған. Содан бері мемлекеттік қызметтегі мансабы өсіп, «Қазақтелеком» АҚ атқарушы директоры, «QazTechVentures» АҚ басқарма төрағасы, «Байтерек» ҰБХ» АҚ атқарушы директоры секілді ірі компанияларды басқарған. 2022 жылдан бері ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарып келеді.