14 жасар қазақстандық теннисші Еуропадағы "Жылдың үздік ойыншысы" атанды

Nur-Altay Umirzak

Ол TE рейтингісінде жылды 41-орынмен аяқтап отыр

Сурет: ҚТФ

Қазақстандық, 14 жастағы Аңсар Ниетқалиев Еуропа теннис қауымдастығы (Tennis Europe Tour) тарапынан «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Қазақстан Тенис Федерациясы мәлімдеді. Аңсар Еуропа одағына кірмейтін елдер арасындағы теннисшілер қатарынан озып шыққан. 

“Биыл жоғары нәтижелерге қол жеткізген Ниетқалиев TE рейтингісінде жылды 41-орынмен аяқтады. Осы маусымда қазақстандық теннисші жекелей сында Soul Cup ((Istanbul, Türkiye, екінші санат), Ankara Cup (Ankara, Türkiye) және Ergan Cup (Erzincan, Türkiye, екеуі де үшінші санат) турнирлерінде жеңімпаз атанды. Оған қоса жұптық сында екі рет Soul Cup (Istanbul) жарысында титулды жеңіп алды. Сондай-ақ жекелей сында тағы екі ТЕ додасында финалға дейін жетті.  Астана теннис мектебінің түлегі Аңсар Ниетқалиевтің жеке бапкері – Мұхамадамин Ерматов”, – делінген Федерация мәлімдемесінде.

 Бұдан бұрын осы аталым бойынша 2021 жылы Зара Дәркен, 2022 жылы Заңғар Нұрланұлы, 2023 жылы Ева Корышева мен Даниэль Тазабеков марапатталған болатын.