Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт бойынша жұмыс істейді
Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесовтың қызметінен кетуіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қызметінен кетуі туралы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда Станислав Черчесов Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастырып, Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт бойынша жұмыс істейді», – делінген ҚФФ таратқан ақпаратта.
Бұған дейін белгілі спорт журналисі, футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен футболдан Ұлттық құрама команданың бас бапкері Станислав Черчесовтің жуырда қызметінен кететінін айтқан еді.
Айта кетейік, 20 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс президент сайлауы өтіп, 36 жастағы Марат Омаров сайланған болатын.
Черчесовпен келісімшартқа 2024 жылдың маусымында екі жылға қол қойылған. Бейресми ақпараттар бойынша егер келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылса, ресейлік бапкерге 1 млн еуро көлемінде өтемақы төленуі тиіс.