Министр алдағы уақытта Қазақстанда қандай халықаралық жарыстар өтетінін айтты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қызметке келгеніне 4 ай болды. Жаңа министрдің жоспары қандай? Ол нені көздейді? Qaz365.kz тілшісі бұл сауалды тікелей министрдің өзіне қойды.
Мырзабосынов Мемлекет басшысы Азия ойындарынан кейін, Олимпиада ойындарынан кейін нақты тапсырмалар бергенін мәлімдеді. Сол тапсырмалармен министрлік жұмысын атқарып жатыр. Атап айтқанда, өңірлік басқармалардың жұмысына, федерациялардың жұмысына мониторинг басталған.
«Жүйелі жұмыс бүгін күні жүріп жатыр. Оған өздеріңіз куә болып отырсыздар. Әрине Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін бүкіл әлем келесі Олимпиада дайындықтарын бастап кетті. Азия ойындары, Олимпиада ойындары – біздің қысқаша мерзімді жоспарларымыз. Ал жалпы спортты тек Олимпиада медальдары емес, спортты жастарға тәрбиелік алаң ретінде, патриоттық тетік ретінде де дамыту жоспарда бар. Ең негізгісі, біз ұзақ мерзімді жоспарымыз – бұқаралық спортты дамыту», - деді министр.
Министрдің шетел мамандарына, спортшылары мен легионерлеріне қатысты көзқарасы қандай?
Мырзабосынов Астанадағы үздік спортшыларды марапаттау рәсіміне спортшылармен қатар, үздік бапкерлерді шақырып жатқанын айтты.
Министрдің пайымдауынша, басқа мемлекеттердің спорттағы ғылымын Қазақстанға әкелу маңызды. Сол мақсатта дзюдодан он шақты Олимпиада чемпиондарын даярлаған мамандардың әдістемесі Қазақстанға әкелінеді. Ол әдістемені бейімдеп, әр облыстың әр ауылына жететіндей жұмыс істеу міндеті тұр.
Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов алдағы уақытта Қазақстанда қандай халықаралық жарыстар өтетінін айтты.
«Оларды өткізу өте маңызды. Сондықтан, әр спорт федерациясы елдің ішіндегі жұмысынан бөлек, халықаралық қатынастарын нығайту қажет. Азия ойындары, Олимпиада ойындары осыны көрсетіп отыр. Біз әлемдік деңгейлі төрешілерден бастап, Олимпиадалық, Паралимпиадалық комитеттерде біздің мамандарды халықаралық жұмыстарға ыңғайлап, байланыстыру мақсатында жұмыс істеудеміз. Дзюдодан 2027 жылы Әлем чемпионаты қабылдау, бокстан Әлем чемпионатын өткізу – халықаралық жұмыстың бір бөлігі», - деді ол.
Министрге Қазақстанның бокстан республикалық чемпионатында екі мықты шыққанда финал өткізілмей қалатыны туралы сұрақ қойылды.
«Бұл жоғары дәрежелі спорт. Сондықтан, бұл жерде жекпе-жектің жарақаты да болуы мүмкін. Денсаулығына байланысты ұлттық құрамаға кіргеннен кейін тактикалық бір команда тарапынан әдіс болуы мүмкін. Әлемдік спортта болатын тәжірибе. Ішкі бәсекеге қатты көңіл бөлмей, сыртқы бәсекелестікке дайындалу қажет. 2-4 жыл ішінде барлық спорттағы шын мықтыларды әділетті түрде айқындап, Олимпиада ойындарына апаруымыз керек», - деді Ербол Мырзабосынов.