Қысқы универсиадада Қазақстан туын ұстап шығатын спортшылар белгілі болды

Nur-Altay Umirzak

Мемлекеттік туды алып шығу мәртебесі фристайл шебері мен хоккейшіге сеніп тапсырылып отыр

Сурет: gov.kz

XXXII Қысқы универсиадада Қазақстан құрамасының туын ұстап шығатын спортшылар белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

“Қазақстанның ұлттық құрамасы атынан XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың (Турин, Италия) ашылу салтанатында мемлекеттік туды алып шығу мәртебесі фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменовке жүктелді”, – делінген министрлік хабарламасында.

Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
 
Абылайхан Сүлейменов – қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Оның спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, сондай-ақ, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада бар. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленген.