Сәкен Бибосыновтың отбасындағы қайғылы жағдай туралы айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Таиландтағы Азия чемпионатында Сәкен қайғылы жағдайды естіген

Фото: Olympic.kz

Бокстан ұлттық құрама бапкері Қайрат Сәтжанов Сәкен Бибосыновтың басынан өткеріп жатқан қиын кезеңдер туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

  «Спорт+» телеарнасында өткен подкастта танымал боксшының үш баласы шетінеп кеткені белгілі болды. Таиландтағы Азия чемпионатында Сәкен үшінші сәбиінен көз жазып қалғанын естіген.

«Таиландта жеңіліп қалғанда нөміріме келіп, жағдайды түгел айтып бергенде, еңіреп тұрып жылады, сосын екеуміз қосылып жыладық. «Болар елдің балалары бір-бірін батыр» дейді, сондықтан жігіттерді қолдайық», - деді бас бапкер.

Ал журналист Айбек Қабылшаның сөзінше, былғары қолғап шеберінің бұған дейін екі баласы құрсақта шетінеп кеткен.

«Бұған дейін екі баласы құрсақта шетінеп кеткен, үшіншісі де солай болды. Үшіншісіне аяғы ауыр кезде келіншегін Алматыға апарып, дәрігерлердің бақылауында болды. Айы-күні жетіп отырғанда, тағы қайғылы жағдай болды. Бұл Сәкеннің ер азамат, әке ретіндегі арманының күл-талқанын шығарды. Бұл жайт оның спорттағы карьерасына да әсер етпей қоймасы анық», - деді тілші.