Жоба құны – 446 млн 774 мың теңге
Жамбыл ауданы Бесағаш ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік нысанның ашылуына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, спорт ардагерлері мен саңлақтары, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа спорт кешенінің құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Жоба құны – 446 млн. 774 мың теңге.
Ғимарат 2 қабатты. Мұнда ауыл балалары мен жасөспірімдері күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылында дәл осындай спорт кешенін салынады деп күтілуде.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2024 жылы 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 спорт кешені (демеушілердің есебінен салынған) және 103 спорт алаңшасы бар.
Нәтижесінде облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызға жетті.
Бүгінде 503 мың адам немесе облыс халқының 41,2 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.