Бокстан "Странджа" турнирі: Махмұд Сабырхан жарысқа қатыспайтын болды

Qaz365.kz редакциясы

Странджа халықаралық турнирі кіші әлем чемпионатына жатады

Фото: olympic.kz

Болгарияның София қаласында өтіп жатқан бокстан Странджа кубогында Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шықпайтын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

54 келі салмақта өнер көрсететін боксшы Қазақстан ұлттық құрамасымен Болгарияға жарысқа қатысуға келген еді. Махмұд бүгін рингте Косово елінің өкілі Башким Байокуға қарсы жекпе-жек өткізу керек болатын. Алайда дәрігерлер Сабырханға бұл кездесуге шығуға рұқсат бермеген.

“Боксшы тағамдық инфекция жұқтырған. Оған 3 наурызға дейін жарыстарға қатысуға тыйым салынады”, – деп жазылған медициналық анықтамада.

Айта кетейік, Странджа халықаралық турнирі кіші әлем чемпионатына жатады. Кеше ұлттық құрама сапында 4 боксшы бұл жарысты ерте аяқтады. Бүгін шаршы алаңға Қазақстан ұлттық құрамасының 18 спортшысы шығады.