«Атлетико Мадрид» клубының Алматыдағы футбол академиясына іріктеу басталды

Nur-Altay Umirzak

Астанада 800-ден астам бала іріктеуден өтіп үлгерген

Сурет: atleticomadrid.kz

Елімізде «Атлетико Мадрид» клубының Алматыдағы футбол академиясына іріктеу басталды, деп хабарлайды  Qaz365.kz тілшісі insport.kz-ке сілтеме жасап.

Жазда Алматы облысында аты аңызға айналған испандық «Атлетико Мадрид» клубының футбол академиясы ашылады. Осыған орай Қазақстанда жас футболшыларды іріктеу басталды.Алғашқы шара Астанадағы «Футбол Үйі» манежінде өтті, онда 2012 және 2013 жылы туған 800-ден астам бала өз шеберліктерін мадридтік мамандарға көрсетті. Шара балалар мен ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Іріктеу толығымен тегін өтті, ал қатысушылар арнайы футбол формасын сыйға алды.

Алдағы екі айда мұндай іріктеулер Қазақстанның басқа ірі қалаларында және Орталық Азия өңірінде де жалғасады. Атап айтқанда: 

  • Ақтау: 31 мамыр – 1 маусым
  • Шымкент: 17–18 маусым
  • Алматы: 28–29 маусым
  • Сондай-ақ  Ташкент қаласында да 21–22 маусым күндері іріктеу өтеді.

Нәтижесінде 100-ден астам бала академияға оқуға шақырту алады. Бұл оқу орны интернат ретінде жұмыс істейді. Онда тұру, тамақтану, жалпы білім беретін мектеп және испан әдістемесі бойынша футбол жаттығулары қарастырылған. Жоба тек балалар футболын дамытуға емес, сонымен қатар тәрбиелі азаматтарды қалыптастыруға бағытталған.