Көкпардан ел чемпионатының биылғы жеңімпаздары белгілі болды

Nur-Altay Umirzak

Жастар арасында Қазақстан Республикасының 19-шы чемпионаты өз мәресіне жетті

Сурет: sportqory.kz

Алматы облысында тақымға серке басқан Жастар арасында Қазақстан Республикасының 19-шы чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Көкпар федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Биылғы біріншілікке сайдың тасындай іріктелген 13 команда қатысты. Олар 4 топқа бөлініп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салған болатын.

Нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Атырау облыстарының және Шымкент қаласының құрамалары өз тобынан сытылып шығып, финалға кім лайықты екенін анықтады.

Жартылай финалда Жамбыл облысының көкпаршылары алматылықтарды 6:3 есебімен жеңсе, Шымкенттіктер Атырау шеңберіне жауапсыз 12 салым салып, ақтық сайысқа жолдама алды.

Финалда Оңтүстіктің қос мықтысы тартысы ойын көрсетіп жамбылдықтар 5:4 есебімен жеңісті жұлып алды.

Осылайша Жамбыл облысы Қазақстан чемпионы атанса, Шымкент қаласы күміс жүлде иеленді. Ал Алматы облысы қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысты.

Чемпионаттың жүлде қоры 12 млн 350 мың теңгені құрап, командаларға келесідей үлестірілді:

1-орын алған Жамбыл облысына 2,1 млн теңге;

2-орын алған Шымкент қаласына 1,1 млн теңге;

3-орын алған Алматы облысына 1 млн 350 мың теңге;

4-орын алған Атырау облысына 600 мың теңге;

5-орын алған Түркістан облысына 1,1 млн теңге;

6-орын алған Маңғыстау облысына 700 мың теңге;

7-орын алған Қарағанды облысына 400 мың теңге;

8-орын алған Қызылорда облысына 800 мың теңге;

9-орын алған Жетісу облысына 450 мың теңге;

10-орын алған Алматы қаласына 400 мың теңге;

11-орын алған ШҚО-ға 200 мың теңге;

12-орын алған Ақтөбе облысына 200 мың теңге берілді.