Диас Ахметшәріп еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған
Қазақ спорт журналистикасы қара жамылды. Саңлақтарымыздың әлемдік додалардағы жеңісін талай рет сүйіншілей хабарлаған спорт журналисі Диас Ахметшәріп небәрі 48 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды оның әріптестері жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Өте суық хабар! Ардақты бауыр, аға, құрметті әріптес Диас Советқалиұлы Ахметшәріп ағамыздан айырылып қалдық! Бақилық мекеніне аттанды», - делінген мәліметте.
Бұған дейін 6 мамыр күні Диас Ахметшәріптің комаға түскені туралы хабар тараған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның миына қан құйылып, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы жазып еді.
Диас Ахметшәріп еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған.
Ұзақ жылдар «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» телеарнасында спорт журналисі;
«Қазспорт» мемлекеттік телеарнасының тұңғыш директоры, Insport телеарнасының бас редакторы;
2003-2007 жж. - ҚР Спорт және туризм істері агенттігінің баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы;
2010 - 2012 жж.– «Астана-СК» корпоративтік қорының қоғаммен байланыс департаментінің директоры (Спортты қолдау қоры);
2012-2013 жж. - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
Олимпиада және Азия ойындарының, әлем чемпионаттарының спорт шолушысы және ҚР құрамасының баспасөз атташесі болған.
Qaz365.kz ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады