Олимпиада жүлдегері болсам да, жұмыс сұрап есік қағып жүрмін – Жазира Жаппарқұл

Qaz365.kz редакциясы

Ол Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Марат Мықтыбековпен бірнеше рет кездесіп, мәселені көтергенін жеткізді.

Әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғаған ауыр атлет, Олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұл спорттағы өмір жолынан кейінгі қызметтік тағдыры жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында спорттан кейінгі өмірінде лайықты еңбек еткісі келетінін, алайда басшылық қызметке жету жолында түрлі кедергілерге тап болатынын айтты.

Қанша жыл болды, әр басшының есігін қағып жүрмін. Жұмыс сұрауға барып, жауап ала алмаған сәттер көңіл күйіңді түсіріп жібереді. Ештеңеге зауқың болмай, тіпті істеп жатқан жұмысыңды да тастап кеткің келеді, – дейді Жазира.

Оның айтуынша, көптеген спортшылар спорттан кейінгі өмірін мемлекеттік қызметте жалғастырғысы келеді. Себебі біріншіден – отбасыға көмектесу, екіншіден – елге қызмет ету, үшіншіден – жинақтаған тәжірибені жастарға үйрету мақсаты бар.

Мен басшылық сұрап жүргенім жоқ, менде тәжірибе бар, тренер де болдым, зам да болдым. Қазір сәл жоғарылағым келеді. Бірақ ол үшін шетелде оқу керек дейді. Оған да келісем, бірақ оған қаражат керек қой. Мен кімнің ермегі үшін жүрген адам емеспін, – деп ашық айтты ауыр атлет.

Ол Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Марат Мықтыбековпен бірнеше рет кездесіп, мәселені көтергенін жеткізді.

Марат аға дұрыс айтты — оқу керек. Бірақ менің де айтқым келетіні бар: спортта белгілі бір деңгейге жеткен адам ең болмаса шағын мектепті басқаруға лайық емес пе? Мысалы, Шымкентте ауыр атлетикада қыздар арасында мен секілді жетістікке жеткен кім бар? Қазір бәріміз Нұрғисаға қарап отырмыз. Ертең ол да Олимпиада чемпионы болса, оған не қызмет береміз?– деді ол.

Жазира Жаппарқұл мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігін меңзеп, ел спортында танылған тұлғалар – Илья Ильин мен Алмас Үсенов секілді мамандардың да әлі күнге дейін басшылықта еместігін атап өтті.

Менен басқа ешкім орынбасар болып отырған ешкім жоқ. Бұл да ойланатын мәселе, – дейді ол.

Қазіргі таңда Жазира кішігірім кәсіппен айналысып жүр. Десе де, жастарға үлгі болып, білімін әрі тәжірибесін бөлісетін ортада еңбек еткісі келетінін жасырмайды.