«20 млн теңге қарыз». Базарда жүрген Жазира Жаппарқұлға қысым көрсетіп жатыр

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Getty Images

Әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғаған ауыр атлет, Олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұлдан сұхбат алған журналист Ақырыс Сейітқазы спортшыға қысым көрсетіліп жатқанын жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Таңертең Жазира хабарласты. Маған сұхбат берген соң, Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп жатыр. Олар спортшының базарда сауда жасайтынына шүйлігіп отыр. Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы арқылы 20 млн аса қарызданып қалған. Спорт мектебінде алатын 350 мың теңгесі жетпеген соң, қарыздан құтылу үшін базарда тойбастар, бесік құралдарын сатады қосымша. Енді Шымкент қалалық спорт басқармасы базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат деп, қиғылық салып жатыр. Қазір Жазира Жапарқұл денсаулық жағдайына байланысты демалыс алған. Егер жағдайы бес боп тұрса, Жазира базар аралап жүрмейді ғой. Артспортқа алған спорттық құрылғылардың біразын арзан бағаға, біразын тегін беріп жіберіпті. Әлі біраз кілем, татамилері шаң басып, қорада тұр.  Мемлекеттің бағдарламасынан опық жеген спортшыға осылай бас салу дұрыс па? Қазір бапкерлерде айлық аз, бәрі қосымша жұмыс істейді. Такси жүргізеді, 3-4 залда еңбек етеді. Жазира Жаппарқұл да қарызын жабу үшін тентіреп жүр. Олимпиададан жүлде алған қыздарымыз көп пе еді? Толыр жатқан чемпионымыз бар ма? Осы бір қарапайым қазақ қызына неге шүйлігіп қалдыңдар, шымкенттіктер? Спорт  министрі де қаршадай қазақ қызының мәселесін шешіп берсе болар еді, - дейді журналист.

Айта кетейік, бұған дейін Жазира Жаппарқұл Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында спорттан кейінгі өмірінде лайықты еңбек еткісі келетінін, алайда басшылық қызметке жету жолында түрлі кедергілерге тап болатынын айтты. Қазіргі таңда Жазира кішігірім кәсіппен айналысып жүр. Десе де, жастарға үлгі болып, білімін әрі тәжірибесін бөлісетін ортада еңбек еткісі келетінін жасырмайды.

Осы ретте Туризм және спорт министрлігінің пікірін білген едік.

Бұл жағдай министрліктің тікелей бақылауында. Жазира Жаппарқұлдың қазіргі әлеуметтік және кәсіби жағдайы біз үшін аса маңызды. Министрлік спортшылардың құқықтары мен әл-ауқатының сақталуын басты назарда ұстайды.Жазирамен байланыс орнатылып, жағдай жан-жақты қарастырылатын болады. Министрлік әрбір спортшының жағдайын жіті назарда ұстайды, – делінген жауапта.