Ал Теміржанов жүлдесіз қалды.
Астанада бокстан өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңі қыза түсті. Кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасының бірнеше боксшысы шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әйелдер құрамасынан алғаш болып рингке көтерілген Наталья Богданова жарқын жеңіске қол жеткізді. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен ширек финалда ол бразилиялық Барбара Мария Дос Сантоспен кездесіп, айқын басымдық танытты. Үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберген Богданова жекпе-жекті сенімді жеңіспен аяқтап, жартылай финалға жолдама алды.
Ерлер арасында ел үмітін ақтап келе жатқан Нұрбек Оралбай да жарысты сәтті жалғастыруда. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финал жолдамасына таласады. 3 шілдеде ол үндістандық Лакшья Чахарамен кездесуі тиіс еді. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты турнирден бас тартқан соң, Оралбай автоматты түрде жартылай финалға өтті.
Ал Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі, 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Ол ширек финалда жапониялық Шунсуке Китамотомен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Осылайша, Теміржанов бұл турнирді жүлдесіз аяқтады.