Жазира Жаппарқұлға Шымкент билігі қысым көрсетіп жатқаны рас па? Министрлік не дейді

Qaz365.kz редакциясы
olympic.kz

Әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғаған ауыр атлет, Олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұлдан сұхбат алған журналист Ақырыс Сейітқазы спортшыға қысым көрсетіліп жатқанын жазды. Осыған қатысты,  Qaz365.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігінің пікірін білді.

Танымал спортшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлімдемесіне және одан кейінгі оқиғаларға қатысты ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өз ұстанымын ашық екенін жеткізеді, – делінген хабарламада.

Біріншіден, комитет әрбір спортшының пікірін құрметтейді және спорттағы ашықтық пен әділдікті басты қағида ретінде ұстанады. Жазира Жаппарқұлдың сұхбатында көтерілген мәселелер мұқият зерделенеді.

Қысым көрсету туралы ақпаратқа байланысты:

Егер спортшыға қандай да бір тараптан қысым көрсетілгені расталса, бұл – мүлдем жол берілмейтін жағдай. Мұндай әрекеттер заң аясында қатаң қаралады. Қазіргі уақытта Жазира Жаппарқұлдың өзінен тікелей жолданған ешқандай шағым тіркелген жоқ. Мән-жайды анықтау мақсатында тікелей өзімен хабар алмасылды.
Біз спортшыларымыздың лайықты құрметке ие болуын, олардың заңды мүдделерінің толық қорғалуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бұл мәселеде ешкім де назардан тыс қалмайды, – делінген жауапта.