«Тараз» клубы – Жамбыл жұртының сенімі мен мақтанышы.
Отандық футболда бай тарихы бар, қазіргі кезде Бірінші лигада доп теуіп жүрген «Тараз» клубының ойыншылары және жаттықтырушылар құрамы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовпен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Футбол – бұл жай ғана ойын емес, бұл – тәртіп, төзім, командалық рух және жеңіске деген жігер. «Тараз» клубы – Жамбыл жұртының сенімі мен мақтанышы. Команданың жетістіктері – облысымыздың спорттық беделінің көрінісі. Бүгінде облыс әкімдігі кәсіби спортты дамытуға, клубтарға қолдау көрсетуге ерекше мән беріп отыр. Елдің сұранысы – намысты қолдан бермей, әр матчта бар күштерін салу, жеңістерімен әулиеаталықтарды шынайы қуанту. Клубтың бүгінгі таңда жаңа басшы құрамдарымен атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Әкімдік команданың әрбір қадамына мән беріп, қолдау танытуда. Команда басшылығына алдағы уақытта жоғарғы лигада ойын көрсету керектігі туралы тапсырмалар да қойылды. Намысты, рухты тараздықтар ол тапсырманы міндетті түрде орындайды деген ниеттемін. – деді Серік Сәлемов.
Айта кетейік, «Тараз» клубы Бірінші лигада 12-орында келе жатыр.