Жартылай финалда ол әлемнің бірінші ракеткасымен кездеседі
Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жартылай финалында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен кездеседі, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ширек финалда чехиялық Каролина Мухованы 7:6 (7:4), 2:6, 6:4 есебімен ұтқан қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет осы ірі жарыстың жартылай финалына шықты.
«Матч өте қиын болды. Ойын мен үшін сәтсіз басталды. Әдеттегіден жай қимылдадым. Каролина мықты ойнады, дегенмен маңызды тұстарда мен шеберлігімді таныта білдім. Алда Игамен жартылай финал. Ауыр матч болатыны сөзсіз, дегенмен мен өмірге нақты қараймын, егер үздік ойын көрсетсем, жеңуге мүмкіндік бар», - деді Елена Рыбакина.
Ига Швентекпен матч 18 наурыз күні Астана уақытымен сағат 7.00-де басталады. Жеке кездесулерде Қазақстанның бірінші ракеткасы 2:1 есебімен алда келеді. Екі ай бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена төртінші айналымда Иганы 6:4, 6:4 есебімен ұтқан еді.