Қазақстан теміржолшылары Түркі мемлекеттері спартакиадасында жеңімпаз атанды

Qaz365.kz редакциясы

ҚТЖ қоржынында – 6 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль бар

inform.kz

Ташкентте (Өзбекстан) Түркі мемлекеттер ұйымы (ТМҰ) саммитіне қатысушы елдер теміржол әкімшіліктерінің қызметкерлері арасында I Халықаралық Спартакиада болып өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан теміржолшыларының командалары үстел теннисі, шахмат, армрестлинг, гір спорты және арқан тарту сияқты спорт түрлерінен жарысты.

ҚТЖ командасы жалпы командалық есепте жеңіске жетті. Мұндай жарыстар теміржолшылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Мақсаты – түркі елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара қатысушы елдер теміржол әкімшіліктерінде спорттың дамуына елеулі серпін беріп қана қоймай, халықаралық теміржол саласында ынтымақтастықты арттыру әлеуетін жаңа тәсілдермен ашатынын атап өтті.

ҚТЖ қоржынында – 6 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль. Қазақстандық теміржолшыларға армрестлингте, гір спортында, шахматта және арқан тартыста тең келер ешкім болған жоқ.

Ұйымдастырушылар Спартакиада кезінде елдер арасындағы достық қарым-қатынастың одан да берік негіздері қаланғанын атап өтіп, қатысушыларға көрсеткен белсенділігі үшін шын жүректен ризашылықтарын білдірді.

Өз кезегінде магистраль қызметкерлері Спартакиада жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, спорттың және теміржолшылар бірлігінің нағыз мерекесіне айналғанын атап өтті.

“Шынында да, достық – бұл біз өте жоғары бағалайтын сарқылмас байлық. Ал бұл іс-шара – өз компаниянды және елінді таныстырудың бірегей мүмкіндігі, басқа мемлекеттерден келген әріптестеріңмен танысудың және тәжірибе мен біліммен алмасудың мүмкіндігі. Біз бірігіп жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге демалуға, ортақ мақсаттарға жетуге, нәтижеге қол жеткізуге, достасуға және әр түрлі елдер теміржолшыларымен ортақ жобаларды бірлесіп ілгерілетуге болатындығын дәлелдедік. Бүгін магистраль қызметкерлері халықаралық стратегиялық әріптестікті нығайтуға елеулі үлес қосты”, –  деді армрестлинг бойынша ҚТЖ командасының  1 орын алған өкілі «Нұрлы жол» вокзал кешенінің аға кезекшісі Руслан Ескенеев. 

 Спорттық дағдылардан басқа, ҚТЖ қызметкерлері керемет шығармашылық таланттарын паш етті. Магистраль қызметкерлері елдің жоғары мәдени мұрасын көрсететін мерекелік бағдарлама ұйымдастырды.