Спорттағы жемқорлық: Вице-министр жаңа бақылау тетіктерін атады

Әдлет Нұран

Спортқа жылына 400–420 млрд теңге бөлінеді

Фото әлеуметтік желіден

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спорт саласындағы жемқорлық фактілеріне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Qaz365.kz тілшісі вице-министрден 2024 жылы спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелгенін, олардың ішінде вице-министрден бастап комитет төрағасына дейін қамтыған жемқорлық қылмыстарының жиі тіркелетінін айтып, мұндай ауқымды заңбұзушылықтардың алдын алу үшін министрліктің қандай нақты бақылау тетіктерін енгізіп жатқанын сұрады.

Серік Жарасбаевтың айтуынша, министрлік Қаржы мониторингі агенттігімен (ВАҚР) бірлесіп, арнайы жол картасын әзірлеген.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірге жол картасы жасалды. Министрлік ішінде цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе болашақта қанша қаражат бөлінетінін, оның тиімді жұмсалған-жұмсалмағанын Е-sport платформасы арқылы көрсетеді. Қазір 13 аймақта спорт басқармасының басшылары комиссия арқылы бекітіліп жатыр. Бірқатар спорт федерацияларының басшылары да ауыстырылды. Бұл да атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі», – деді ол.

Вице-министр спорт саласына бөлінетін қаржы көлеміне де тоқталды.

«Жалпы бір жылдың ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерді қосқанда спортқа 400–420 млрд теңге бөлінеді. Соның 330–340 млрд теңгесі аймақтарға тиесілі. Қалғаны республикалық бюджет арқылы қаржыландырылады. Бұл қаражат жыл сайын ұлғайып отырады. Мәселен, 2026 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін сома 5 млрд теңгеге өседі», – деді Жарасбаев.