Астанада бокстан Әлем чемпионатында топ жарған қазақстандық боксшыларды салтанатты түрде қарсы алды. Әуежайға жиналған жанкүйерлер, журналистер чемпиондарды ыстық ықыласпен қарсы алып, спортшылармен тілдесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айта кетейік, бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль саны бойынша Өзбекстанмен тең түсті – қос ел спортшылары 6:6 есебін көрсетті. Шешуші алтын медальды ел қоржынына құрама капитаны Айбек Оралбай салды. Ол финалда өзбек боксшысы Жахонгир Зокировты айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстанға жетінші алтынды сыйлады.
«Командалық есепте бірінші орынға талас жүрді. Сондықтан рингке үлкен жауапкершілікпен шықтым. Жаттықтырушыларым да: «Айбек, сенің жекпе-жегің шешуші болады. Өзбектермен тең түсіп тұрмыз, сенің жеңісің керек» деп жігер берді. Әсіресе, үшінші раундта барымды салдым. Құрама капитаны болғандықтан, төрт боксшымыз өзбектерден жеңіліп жатқан кезде кішкене көңіл-күйіміз түсті. Оған қоса өзімнің ең жақын бауырым Нұрбек те өзбек боксшысынан ұтылды. Сол маған ауыр тиді. Капитан ретінде жігіттердің рухын көтеруім керек болды. Чемпион болу үшін барлығымыз барымызды салдық», - дейді Оралбай.
Боксшы енді келесі мақсатты айқын қойып отыр.
«Бұл тек бастамасы. Алдымызда олимпиада ойындары тұр. Менде олимпиада медалі жоқ. Сондықтан келесі мақсат – олимпиада медалі», - деп түйіндеді ол.