Сағат 16:00-ден бастап қозғалыс басты үш учаскеде шектеледі
Алматыда 30 қыркүйек күні өтетін «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы көптен күткен футбол кездесуі кезінде қаладағы бірқатар орталық көшелерде қозғалыс шектеледі. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство дерегінше, жол қозғалысына шектеу сағат 16:00-ден бастап төмендегі учаскелерде енгізіледі:
Абай даңғылы – Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін;
Сәтпаев даңғылы – Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін;
Байтұрсынов көшесі – Тимирязев көшесінен Шевченко көшесіне дейін.
«Полиция күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Орталық стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылуы мүмкін. Маршруттарыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген полиция хабарламасында.