«Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» қызметкерлері 5 мың билетті сатып алғанын полиция тексеруі керек – Бақытжан Базарбек

Qaz365.kz редакциясы

Бұл жайлы депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді 

Qaz365.kz коллажы

Алматыда өткен тарихи «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының төңірегіндегі дау әлі де басылар емес, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Аспандап кеткен баға мен стадиондағы бейберекет»

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көптен күткен футбол матчының ұйымдастырылуын сынға алып, көптеген мәселе көтерді.

«Мыңдаған жанкүйер ойын басталмай екі сағат бұрын келсе де, стадионның алдында сағаттап тұруға мәжбүр болды. Көрермендерді кіргізудің қарапайым тәртібі сақталмады. Волонтерлер жағдайды реттей алмады, ал халықты басқару мүлде болмады. Біздің спорт шенеуніктерін Еуропаға жіберіп, "Сан-Сиро" мен "Камп Ноу"-дағыдай қалай матч ұйымдастыратынын үйрету керек шығар. Бұл – Чемпиондар лигасы, біз мұндай шараларды өркениетті түрде өткізе алатынымызды көрсетуіміз тиіс еді», – деді депутат.

Ол әсіресе балалардың жағдайына алаңдағанын жеткізді.

«Менің жанымда 5–6 жасар баласын ерткен ата-аналар тұрды. Олар толпаның қысымында қалды. Бұған қарау өте ауыр болды. Біз бірінші рет Чемпиондар лигасына куә болғандай, ұйымдастырудағы жабайы тәсілдерімізді көрсетіп алдық», – деп қынжылды Базарбек.

Депутаттың айтуынша, шамамен 5 мың билет «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және басқа ұлттық компаниялардың қызметкерлері алдын ала сатып алған деген ақпарат бар.

«Өз көзіммен көрдім, ол жерде қарапайым адамдар емес еді. Егер билеттер шынымен бюджет қаржысына алынғаны расталса, біз міндетті түрде тексеріс жүргізуді талап етеміз. Бұл іске Есеп комитеті мен құқық қорғау органдары да араласуы тиіс. Әділеттілік қажет», – деді ол.

Сонымен қатар депутат билеттердің алыпсатарлық жолмен сатылуына да тоқталды. Оның сөзінше, билет төңірегіндегі дау тек жанкүйерлерге соққы болып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық имиджіне де айтарлықтай нұқсан келтірді.

«Қарапайым алматылықтар бұл мерекеге кіре алмады. Тек "блатпен" жүргендер ғана кірді. Ал делдалдар матч басталар алдында билеттерді 700 мың теңгеге дейін сатып тұрды. Бұл ақшаға Еуропаның жартысын аралап шығуға болады. Мұндай сұмдық баға қайдан шықты? Мемлекет билеттерді алыпсатарлықпен сататын делдалдарға және пайда көріп отырған компанияларға тосқауыл қоюы керек», – деді ол.