Дастан Сәтпаев әлемнің үздік жас футболшыларының қатарына енді

Qaz365.kz редакциясы

Ағылшын басылымы әлемдік футболдағы ең үздік жас таланттардың тізімін жариялады.

Pixabay.com

«Қайрат» және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Дастан Сәтпаевқа беделді британиялық басылым The Guardian назар аударды. Журналистердің бағалауынша, қазақстандық футболшы әлемнің ең үздік 60 жас дарынды ойыншысы қатарына енген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ағылшын басылымы әлемдік футболдағы ең үздік жас таланттардың тізімін жариялады. Бұл рейтингке «Пари Сен-Жермен», «Барселона», «Бавария» секілді алпауыт клубтардың ойыншыларымен қатар алматылық «Қайраттың» өкілі де кірді.

The Guardian пікірінше, «Челси» клубы Сәтпаевты 4 миллион еуроға сатып алу арқылы тамаша келісім жасаған:

Челси қаңтар айында Сәтпаевты 4 миллион еуроға сатып алғанына қуану керек. Себебі оның нарықтық бағасы алдағы уақытта едәуір өседі деп күтілуде. Ол жылдамдық пен жоғары техникалық шеберлікті жастайынан қалыптасқан ойын ойлау қабілетімен ұштастыра біледі және 2026 жылдың тамызында «Стэмфорд Бриджге» келген соң Премьер-лигада өзін көрсетуге ниетті, – деп жазады басылым.

Басылым жасаған тізімге 2008 жылы туған жас ойыншылар енгізілген. Transfermarkt порталының мәліметінше, олардың ішіндегі ең қымбаттары – «Баварияның» Леннарт Карл (20 миллион еуро) және «Пари Сен-Жерменнің» Ибрагим Мбайе (15 миллион еуро). Ал The Guardian бұл тізімді қандай нақты критерийлермен құрғанын ашып айтқан жоқ.