Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз алаңында Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құрлықтық додада H тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы өз алаңында Дания құрамасын қабылдады.
1-таймда даниялық Расмус Хёйлунн 21, 36-минутта қос гол соғып, басымдықты арттырды.
Екінші кезеңде қазақстандық құраманың белсенділігі артты. Ойынның 73-минутында даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзып, қақпаға белгіленген пенальтиден Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ.
86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Қазірге дейін 43 ойын өткізген ол алғашқы голын соқты. Сондай-ақ, 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізді.
Осылайша, Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен-ді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.
Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.
Бүгін Н тобында, сондай-ақ Словения - Сан-Марино, Солтүстік Ирландия - Финляндия құрамалары кездеседі.
Дереккөз: Қазақпарат