"Спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайды": Тоқаев федерация басшыларын сынға алды

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекет басшысы олардың көбінің өз қаражатын салмай, тек мемлекеттік қолдауға арқа сүйейтінін айтты

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спорт федерацияның басшыларының жұмысын сынға алды. Мемлекет басшысы олардың көбінің өз қаражатын салмай, тек мемлекеттік қолдауға арқа сүйейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де бұл лауазымды өзін жарнамалау құралы ретінде көреді. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек», – деді Тоқаев.

Президент бұл мәселені терең талдап, нақты ұсыныстар әзірлеуді Президент Әкімшілігіне тапсырды.

Мемлекет басшысы спорт пен дене шынықтыруды қолдауды қоғам алдындағы абыройлы міндет әрі азаматтық жауапкершілік ретінде қарау керектігін атап өтті.

«Федерацияны ел ішінде және шетелде атақ-абырой жинау үшін басқару дұрыс емес. Мемлекет кәсіпкерлерді, оның ішінде ірі бизнес өкілдерін қолдайды, бірақ олар да қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Бұл әсіресе футбол сияқты коммерциялануға бейім спорт түрлеріне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерациялары арасында тең құқылы диалог орнауы керек», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айтып, спортқа жаңа буын бизнесмендер мен меценаттардың келуі оң өзгеріс әкеліп жатқанын атап өтті.

«Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұмысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын байқап отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.