Асхат Тағыберген: Соққан голымды марқұм әкеме арнаймын

Qaz365.kz редакциясы

Біздің жеңетінімізге сенбегендерге дұғай-дұғай сәлем айтамын

kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Euro-2024 іріктеу кезеңі аясында Даниямен өткен матчтан кейін аз-кем сұхбат берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Асхат жеңіс құтты болсын! Ойыннан кейінгі әсеріңіз қандай?

– Сөзбен жеткізу қиын. Шыны керек, біздің Даниядан басым түсетінімізге ешкім сенбеді. Euro-2024 іріктеу кезеңінің алғашқы екі ойынына дайындалғанымызда, барлығы Қазақстан бәлкім Словенияны жеңуі мүмкін, бірақ Данияға есе жібереді деп айтты. Армандар орындалады екен. Топтан шығу қиын болар. Дегенмен, үмітімізді үзбейміз. Бастысы, жарқын ойынымызбен жанкүйерлерге қуанта беруге жазсын.

Тағы оқыңыз: Магомед Адиев: Жауапкершілікті өз мойныма аламын, жігіттерге тек ойнаңдар деп айттым

– Неге капитан ретінде пенальтиді өзіңіз теппедіңіз?

– Бактиер қайта-қайта сұрап, өтініш айтты. Сосын жолымды бердім. Менің өмірімде мұндай жол беру бірінші рет емес. Қостанайдың «Тобылында», одан кейін жақында «Ордабасы» клубында да осы жағдай болды. Әріптестерім сұрағанда жоқ дей алмайтын адаммын.

– Жанкүйерлерге не айтасыз?

– Біздің жеңетінімізге сенбегендерге дұғай-дұғай сәлем айтамын. Төрешінің ысқырығы естілген кезде көзіме жас үйірілді. Осындай керемет тарихи жеңіспен барлық қазақ халқын құттықтаймын. Ал мен соққан голымды марқұм әкеме арнаймын. Ең бастысы, жеңсек те, жеңілсек те бәрімізге бірге болайық. Қолдауларыңызға көп рахмет!

Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында алғаш рет гол соғып отыр. Оның алыстан тепкен жойқын соққысы әлемнің үздік қақпашыларынң бірі Каспер Шмейхельдің қақпасының дәл тоғыздығына кірді. Қазіргі кезде осы голды БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желіде жарыса талқылап жатыр.

Қазақстан бұл ойында 3:2 есебімен жеңіске жетті.