«Қайрат» -«Пафос»: Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпай алына ма?

Qaz365.kz редакциясы

«Қайрат» алғашқы екі ойында ұпай ала алмаған еді

UEFA via Getty Images

21 қазан күні Алматының Орталық стадионында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші тур ойыны өтеді. Қазақстандық «Қайрат» командасы кипрлік «Пафоспен» кездеседі. Матч сағат 21:45-те басталады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Екі клуб та турнирде әлі жеңіске жеткен жоқ. «Қайрат» алғашқы екі ойында сырт алаңда «Спортингтен» 1:4 есебімен, ал өз алаңында мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен ұтылған

Командалардың дайындығы

УЕФА ұсынған мәлімет бойынша, «Қайрат» негізгі құрамында Анарбеков, Тапалов, Мартынович, Сорокин, Мата, Қасабулат, Арад, Громыко, Мринский, Сәтпаев және Жоржинью болуы мүмкін.

Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин ойын алдындағы баспасөз мәслихатында команда дайын екенін айтты.

– Жігіттер бар күшін салады. Біз жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасында ел тарихында өз ізімізді қалдырғымыз келеді, – деді ол.

Ал «Пафос» клубының бапкері Хуан Карлос Карседо қарсыласқа жоғары баға берді.

– «Қайрат» соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Бұл ойын екі ұқсас деңгейдегі команданың кездесуі болмақ, – деді ол.

Билеттер мен жанкүйерлердің пікірі

Билеттер бір апта бұрын сатылымға шыққанымен, жартысынан азы ғана сатылған. Бұған дейін «Реал Мадридке» қарсы матчтың билеттері санаулы сағаттарда сатылып кеткен еді.

Бұл жолы баға өзгермеген – 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Арзан секторлардағы орындар көбейгенімен, жанкүйерлер әлеуметтік желіде «Кипр командасымен ойынға билет тым қымбат» деп сын тағып жатыр.

«Қайрат» қорғаушысы Еркін Тапалов бұл жағдайдың ойыншыларға әсер етпейтінін айтты.

Жеңіс үшін ойнауға тырысамыз. Қаламыз бен елімізге тарихи жеңіс сыйлауға ниеттіміз. Бізді шын жанкүйерлер қолдайтынына сенеміз, – деді ол.

Қозғалыс шектеулері мен қосымша автобустар

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен жанкүйерлерге матч уақытына байланысты жол қозғалысын алдын ала жоспарлауға кеңес берді.

Ойын кезінде көлік қозғалысы Абай даңғылында, сондай-ақ Байтұрсынұлы, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде уақытша шектеледі.

Кездесуден кейін жанкүйерлердің ыңғайы үшін қала бойынша қосымша 60 автобус жолға шығады.

Алдағы ойындар

Алматылықтар Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде барлығы сегіз матч өткізеді – төртеуін өз алаңында, төртеуін сыртта. Келесі ойындар төмендегідей:

  • 6 қараша: «Интер» – «Қайрат» (01:00)

  • 26 қараша: «Копенгаген» – «Қайрат» (22:45)

  • 9 желтоқсан: «Қайрат» – «Олимпиакос» (20:30)

  • 20 қаңтар: «Қайрат» – «Брюгге» (20:30)

  • 29 қаңтар: «Арсенал» – «Қайрат» (01:00)