Спортшылардың жол шығынын төлейтін ешкім табылмапты
Кеше Бахрейннің Манама қаласында жасөспірімдер арасындағы жазғы Азия ойындары ресми түрде ашылды. Аталған сынға Қазақстан атынан спорттың 20 түрінен 220 жас атлет аттанды. Алайда, командалық спорт түрлерінен тек гандбол, жағажай волейболы мен 3*3 баскетбол құрамасы бақ сынауда. Ал еліміздегі жетекші командалық спорт түрі саналатын волейболшылар Азия ойындарынан сырт қалған. Осы орайда, Qaz365.kz бұл олқылықтың себебін білу мақсатында Қазақстан волейбол федерациясының Бас хатшысы Айдос Ахметовтің пікірін сұрады.
Волейбол федерациясы Бас хатшысының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына қатысатын қыздар және ұлдар құрамасы толық дайын болған. Тіпті, демеушілер есебінен спорттық экипировкалары да сатып алынған. Алайда, спортшылардың жол шығынын төлейтін ешкім табылмапты.
«Азия ойындары дегеніміз үлкен, кешенді жарыс. Мұндай бәсекелерге баратын команданың жол шығынын Спорт комитеті, Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық Олимпиада комитеті сынды ұйымдар көтереді. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдаудың бәрін жасадық. Киімдерін дайындап бердік, команданы жинадық, оқу-жаттығу жиынын өткізетін болдық. Бірақ жарыс жақындаған сайын, Бахрейнге бару мүмкіндігіміз алыстай берді. Азия ойындарының басталуына бір ай қалғанда, «біз барамыз ба, әлде сырт қаламыз ба?», - деген сұрақтың шеті шыға бастады”, – деген Бас хатшы Айдос Ахметов өздерінде екі команданың жол шығынын көтеретін қаражат болмағандығын айтты.
Бас хатшының айтуынша, мұндай мультикешенді жарыстардың шығынын елдегі құзырлы спорттық органдар көтереді.
"Ақшаны әрі күттік, бері күттік, нәтиже жоқ. Ал турнирге бір апта қалғанда спорт саласының басшылары волейболшыларды жарысқа апаратын ақшаның жоқтығын кесіп айтты. Аймақтарға «лақтырып» жіберді. Бірақ, кешіріңіз, волейбол – командалық ойын. Біз әр аймақтан жиналған 24 спортшының бәрін аймақтардың мойнына іліп қоя алмаймыз. Олар да мемлекеттен алынатын қаражатқа қарап отыр. Бокс немесе күрес болса, 1-2 балаға аймақтан ақша алуға болады. Бірақ біз тұтас командаға қайдан ақша жинап береміз? Өңірлерге де сауын айттық, тек 6 балаға ақша табылды. Өкініштісі сол, алты волейболшымен Азия ойындарына бара алмаймыз”, – дейді Ахметов.
Жақында волейболдан 16 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия біріншілігі өтеді.
"Сол турнирге демеушілер есебінен барамыз, өзіміз ақша табамыз. Ал Спортты дамыту дирекциясы тек ұлттық құрама деңгейіндегі командаға ғана қаражат бөледі. Жастар мен жасөспірімдер демеушілердің мойнында», - дейді Бас хатшы Айдос Ахметов.