Елена Рыбакина тарихи жеңіске қол жеткізді

Qaz365.kz редакциясы
Скрин

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA Finals 2025 турнирінде жеңіске жетіп, әйелдер теннисіндегі ең беделді жарыстардың бірін алғаш рет бағындырды, деп  хабарлайды Qaz365.kz.

Финалда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь теннисшісі Арина Соболенконы 6:3, 7:6 (0) есебімен жеңіп, маусымның басты титулын иеленді.

Бұл турнирде Елена алғаш рет финалға шығып, сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Оның жеңісі тек жеке мансабы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін тарихи сәт болды. Себебі бұған дейін еліміздің ешбір теннисшісі — ерлер де, әйелдер де — WTA маусымдық финалының шешуші кезеңіне шыққан емес.

Турнир Елена Рыбакина финалға дейінгі барлық кездесулерінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Топтық кезеңде ол келесі қарсыластарын ұтты:

  • Аманда Анисимова (АҚШ, әлемнің 4-ракеткасы) — 6:3, 6:1
  • Ига Швентек (Польша, 2-ракетка) — 3:6, 6:1, 6:0
  • Екатерина Александрова (Ресей, 10-ракетка) — 6:4, 6:4

Жартылай финалда Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы (5-орын) 4:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңді.

Финалда әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі Арина Соболенкоға қарсы ойын да Рыбакина пайдасына шешілді.

WTA Finals – жыл бойы ең үздік нәтиже көрсеткен сегіз теннисші ғана қатысатын маусымның қорытынды турнирі. Мұндай додада жеңіске жету – әлем теннисіндегі ең жоғары жетістіктердің бірі саналады.

Эр-Риядтағы жеңісінен кейін Елена Рыбакина 1500 рейтингілік ұпай мен 5 миллион 235 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы ұтып алды. Бұл нәтиже оған жаңартылған WTA рейтингінде бесінші орынға көтерілуге мүмкіндік береді.

Елена Рыбакина WTA Finals турнирінде бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бұл оның тұрақтылығы мен мықты психологиялық дайындығын көрсетті.

Осылайша, Рыбакина маусымды ең жоғары нотада аяқтап, Қазақстан тарихындағы ең табысты теннисші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.