Қазақстандық аңыз боксшы, әлемдік бокстың жұлдызы Геннадий Головкин (GGG) келесі және мүмкін соңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізгісі келетінін айтты. Бұл туралы ол Азия бокс қауымдастығының президенті Пичай мырзамен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qrnews-ке сілтеме жасап.
Кездесу барысында Пичай мырза Головкиннің World Boxing ұйымының президенті лауазымына кандидатурасын ұсынғаны туралы жаңалыққа қуанышын білдіріп, бұл бастаманы толық қолдайтынын айтты.
«Головкин бокстан жан-жақты хабардар, тәжірибелі әрі беделді спортшы. Ол бұл жоғары лауазымға әбден лайық азамат», – деді Пичай.
Өз кезегінде Геннадий Головкин Қазақстан жанкүйерлерін қуантатын жоспарын бөлісті.
«Мен әлі де бір жекпе-жек өткізгім келеді. Оны Қазақстанда өткізгім келеді, оған барлығының келгенін қалаймын», – деді GGG.
Азия бокс қауымдастығының басшысы сондай-ақ Головкиннің жекпе-жектерін үнемі YouTube арқылы тамашалайтынын айтып, 43 жаста болуына қарамастан, оның әлі де жоғары спорттық формада екенін атап өтті.