Елордада классикалық шахматтан балалар чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Qaz365.kz редакциясы

Ұлдар және қыздар арасында әртүрлі жас санаттары бойынша 36 жүлдегер анықталды

Фото: Астана шахмат федерациясы

Астана қаласында классикалық шахматтан балалар арасында өткен қала чемпионатының жабылу салтанаты  өтті. New Generation School базасында аталмыш жарыстың  жеңімпаздарын ресми түрде марапаттады, деп хабарлайды Qaz365.kz 

Чемпионат астаналық жас шахматшылар үшін маңызды спорттық оқиғаға айналды десек  болады. Өйткені бұл турнир  8 бен 18 жас аралығындағы жас шахматшылардың басын біріктіріп, олардың жоғары деңгейдегі дайындығын, стратегиялық ойлауын және жеңіске деген талпынысын танытты.  

Бес күнге созылып, жеті турдан өткен жарыс қорытындысы бойынша ұлдар және қыздар арасында әртүрлі жас санаттары бойынша 36 жүлдегер анықталды. I және II орын алғандар автоматты түрде Астана шахмат федерациясының құрамына кіріп, Қазақстан чемпионатына қатысу құқына  ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала чемпиондары дәстүрлі түрде өтетін ұлттық біріншілікке  Дене шынықтыру  және спорт басқармасының қолдауымен жіберіледі.

“Бүгін 8 бен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қала чемпионатының ресми жабылуы өтті. Бұл — маңызды турнир, яғни жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаймыз, сондай-ақ Қазақстан чемпионатына жарнасыз қатыса алатын үздік алты ойыншыны іріктейміз. Турнирдің ерекшелігі, ол жас шахматшының кәсіби жолындағы алғашқы қадамы болмақ. Бұл әуесқой деңгейден кәсіби деңгейге өтудің маңызды кезеңі. Мұндай турнир үлкен шахматқа жол ашады”, – дейді жарыстың маңыздылығын атап өткен турнирдің аға жаттықтырушысы әрі ұйымдастырушысы Бахтияр Нұғыманов.

Чемпионат жүлдегерлері де жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтты. 

«Мен қала чемпионатына бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Әр жолы турнир оңай болмайды. Ұйымдастыру жақсы, қарсыластар мықты. Қатысушылар аз болғандықтан, турнир қысқа болды, бірақ бес күнде жеті тур ойнау үлкен күш пен тұрақтылықты талап етеді. Төрт партияда тең түстім, үшеуінде жеңіске жеттім. Кейбір ойындарда жеңіске жетуге болар еді, бірақ кей жерлерде сәттілік те көмектесті. Нәтижені әділ деп есептеймін, жүлдегер атанғаныма өте қуаныштымын», – деді турнирге қатысушылардың бірі Ануар есімді жасөспірім. 

Жарысқа қатысқан балалардың ата-аналары да чемпионаттың  балалар үшін мотивациялық мәнге ие екенін ерекше атап өтті. 10 жасқа дейінгі категорияда жүлдеге ие болған қыз баланың әкесі Шыңғыс мырза да өз ойымен бөлісті. 

«Кейде “дұрыс бағытта келе жатырмыз ба?” деп ойланамыз. Басқа спорт түрін де байқап көру керек пе деп те ойлаймыз. Бірақ осындай жеңістер балаға үлкен серпін береді. Енді балаға көп түсіндірудің қажеті жоқ, еңбектенбей нәтиже болмайтынын өзі де түсінеді. Сенімділік, дұрыс көзқарас қалыптасады. Бұл – баланың өміріндегі өте маңызды сәт», – дейді ол.

Сонымен, бұл чемпионат интеллектуалды мәдениетті дамытуды, шахматты жастар арасында насихаттауды және талантты спортшыларды қолдауды мақсат етті.

Жиын соңында ұйымдастырушылар балаларды дайындауға атсалысқан барлық жаттықтырушылар мен ата-аналарға үлкен алғыс білдірді.