Тоғызқұмалақтан Алматыда жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты басталды

Qaz365.kz редакциясы

Тоғызқұмалақтан Алматыда жасөспірімдер (мектеп оқушылары U-15, U-17 классика онлайн/офлайн, рапид, блиц) арасындағы Әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында биыл екінші рет ұйымдастырылған Әлем чемпионатының ашылу салтанаты   өтті. Шараның ашылуына Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы, Алматы қаласы спорт басқармасы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңес мүшелері, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы және шетелдік делегация өкілдері қатысты.

“Дүниежүзінен ондаған мемлекет қатысып отырған оқушылар арасындағы әлем чемпионаты тағы да жалауын көтеріп отыр. Біз бұл шараға атсалысқан барлық тоғызқұмалақ жанашырларына алғыс білдіреміз. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтің сәлемін жеткіземін. Ол кісі үнемі айтады: тоғызқұмалақта жеңілетіндер, ұтылатындар болмайды. Ұтатын - тек ұлттық мүдде. Осы ұлттық зияткерлік ойынды ЮНЕСКО мойындаған, оған әлемдік деңгейде қызығушылық артты. Қазір дүниенің алдыңғы қатарлы елдерінде ұлттық ойынға қызығушылық жоғары. Ондаған мемлекет федерациялар құрып, өз іштерінде чемпионаттар өткізіп жатыр. Бүгін міне солардың бірсыпырасы Алматыға келді. Қош келдіңіздер, дейміз”,- деді Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын.

Ұлттық зияткерлік ойындардың ең көне әрі терең мағыналы түрі – Тоғызқұмалақ биыл тағы да әлемдік деңгейдегі спорт мерекесіне айналады. 2025 жылдың 17–23 қарашасы аралығында Алматы қаласында жасөспірімдер (U-15, U-17) арасындағы Тоғызқұмалақ Әлем чемпионатына дүниежүзінің 20 мемлекетінен ойыншылар келді. Бұл жарыс классика (онлайн және офлайн), рапид және блиц форматтарында ұйымдастырылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар зияткерлік шеберліктерін сынап, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде насихаттайтын мүмкіндік алады.

Чемпионаттың басты мақсаты: - Тоғызқұмалақты әлемдік аренада кеңінен таныту; - Жас буын арасында зияткерлік қабілетті дамыту; - Халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайту. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Халықаралық Тоғызқұмалақ Федерациясы бірлесе ұйымдастырады. Демеуші серіктестер- KMF Банк және JET. Турнир барысында еліміздің ең үздік төрешілері мен мамандары қызмет атқарады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады.

Тоғызқұмалақ – тек ойын емес, ол ұлттың ойлау мәдениетін, даналық дәстүрін әлемге паш ететін мұра. Бұл чемпионат – жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, қазақстандық спорттың абыройын биіктететін маңызды қадам болмақ. Чемпионат алғаш рет 2023 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылды. Оған 17 мемлекеттен 136 спортшы қатысқан.

Биыл 21 мемлекеттен 180 тоғызқұмалақ шебері бақ сынайды. Орта Азия елдерінен бөлек Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Корея, Түркиядан және Шығыс Еуропа елдерінен ойыншылар қатысады.

Әлем чемпионатының жабылу салтанаты 22 қараша сағат 14:00-де өтеді.