Қанат Ислам рингке қайта оралады

Qaz365.kz редакциясы
instagram/islamkanatqazaq

Қазақстанның танымал кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам рингке қайта оралатынын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ali Akhmedov Promotions компаниясына сілтеме жасап.

«Қанат Ислам Ali Akhmedov Promotion Fight Night турнирінің қатысушылары қатарына қосылды! Қытай халықтары Спартакиадасының екі дүркін чемпионы, 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қанат тәжірибенің – ең мықты қару екенін дәлелдеу үшін рингке қайта оралады», – делінген ұйымдастырушылардың Instagram парақшасында.

41 жастағы Қанат Ислам – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, WSB лигасында өнер көрсеткен «Astana Arlans» командасының бұрынғы капитаны.

Әуесқой бокста ол Қытай халықтары Спартакиадасын екі рет жеңіп, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қола медаль иеленген.

Кәсіпқой мансабында Қанат Ислам жартылай орта салмақтағы (super welterweight) бірнеше белбеудің иегері, оның ішінде WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe чемпиондық титулдары бар.

Келесі жекпе-жек 27 желтоқсанда Алматыда өтетін Ali Akhmedov Promotion Fight Night кешінде өтпек.

Жанкүйерлер үшін бұл жекпе-жек – қазақ боксының майталманының жаңа кезеңін тамашалауға мүмкіндік болмақ.