Бұрын армандаған баспана мен тұрақтылыққа енді қолым жетті - әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали

Бауыржан Карипов

Айдос Сұлтанғали бұл жеңіске дейін тұрақты баспанасы болмағанын да жасырмады

ҰОК

Грек-рим күресінен араға 26 жыл салып, әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғалиды бүгін Қызылордада кездестірдік.  Qaz365.kz тілшісіне спортшы чемпиондықтан кейінгі өміріндегі үлкен өзгерістер туралы бөлісті.

 Балуанның айтуынша, еңбектің өтеуі ретінде мемлекеттің қолдауы мен халықтың құрметі артып, оның отбасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылған.

Айдос жеңістен кейін өмірінде жаңа белестер басталғанын айтады.

«Танымалдылық, материалдық тұрғыда өзгерістер көп болды. Әкім үй берді, көлік кілтін табыстады. Енді маған келесі Олимпиадаға дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде стипендия тағайындалды. Олимпиадаға 60 келі салмақта дайындалуды жоспарлап отырмын», – дейді чемпион.

Айдос Сұлтанғали бұл жеңіске дейін тұрақты баспанасы болмағанын да жасырмады.

«Оған дейін жалдамалы пәтерде тұрдым. Қызылорда қаласында отбасыммен бірге өмір сүрдік. Үйім, бала-шағам сол жақта. Үш балам бар. Қазір шүкір, бәрі шешілді», – дейді ол.

Әлем чемпионы қазіргі кезеңде толыққанды жаттығу мен дайындыққа ден қойған. Айтуынша, бұрынғы тұрмыстық қиындықтар спортқа бөгеу болған кездер аз болмаған.

«Қазір ешқандай мәселе жоқ. Таза дайындықтамын. Бұрын үй алсам деген, материалдық проблемалар болды. Әлем чемпионатынан кейін бәрі күрт өзгерді. Бүкіл сұрақтардың нүктесі қойылды», – дейді спортшы.

Олимпиада жолында әлем чемпионын тыңғылықты тәртіп пен жүйе күтіп тұр.

«Жетістікке жету үшін ең бастысы – дұрыс дайындық. Басқа артық тәсіл керек емес. Сбордан тыс кезде күніне 2-3 сағат жаттығамын. Ал жиын кезінде таңғы 7-де зарядка, 11-де жаттығу, кешкі 17:00-де тағы бір жаттығу. Жарыс жақындағанда жүктеме азаяды», – дейді Айдос.

Спортшының Олимпиадаға лицензиясы әзірге жоқ. Бірақ ол 2027 жылғы лицензиялық әлем чемпионатына тас-түйін дайындалуда.

 «2027 жылы әлем чемпионатында үздік үштікке кіру керек. Сонда ғана Олимпиадаға жолдама аламыз. Бірақ оған дейін Қазақстан чемпионатын ұту маңызды. Егер Қазақстанда ұтылсақ, әлем чемпионатына қарсылас барады», – дейді балуан.

Айдос 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарында да жүлде алуды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар чемпион жақын күндері Атырауда өтетін «Мұнайлы Астана кубогына» арнайы шақыртумен бара жатыр.

«Атырауға федерация басшысы Арман Тоғаев ағамыз шақырып жатыр. 17 жасқа дейінгі палуандардың жарысы болады. Сол додаға қатысушыларды қолдап, көріп қайтамыз», – дейді спортшы.

Тұрмыстық қиындықтарды жеңіп, дүниежүзілік аренада көк байрақты биікке көтерген Айдос Сұлтанғалиұлы қазір бар күшін Олимпиадаға бағыттап отыр. Оның табандылығы, еңбекқорлығы және отбасына деген жауапкершілігі жастарға үлгі боларлық.

Айта кетейік, жақында Айдос Сұлтанғали Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионы атанған болатын. Ол 60 келіде бақ сынаған Айдос Сұлтанғали финалдық бәсекеде Өзбекстан балуанын бір минутта Әлішер Ганиевті таза жеңген еді.

Бұл – Қазақстан үшін тарихи жеңіс, себебі, соңғы рет еліміз атынан жарысқан Бақтияр Байсейітов 26 жыл бұрын грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған еді.