Ерлан Дауренов АҚШ-та өткен World Police & FireGames 2025 жарысында күміс жүлдеген атанды

Qaz365.kz редакциясы

94 елден 14 мыңнан астам атлет қатысып, жарыстың халықаралық беделін бұрынғыдан да арттырды

Жеке мұрағаттан

Қазақстандық Ерлан Дауренов АҚШ-та өткен WORLD POLICE & FIRE GAMES 2025 жарысында күміс жүлдеген атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2025 жылғы 27 маусым мен 6 шілде аралығында АҚШ-тың Алабама штаты, Бирмингем қаласында World Police & FireGames 2025 өтті. Биылғы ойындар тарихтағы ең ауқымды сайыстардың бірі болды: 94 елден 14 мыңнан астам атлет қатысып, жарыстың халықаралық беделін бұрынғыдан да арттырды.
Масштабы мен қатысушы саны бойынша бұл ойындарды қысқы Олимпиада ойындарымен салыстыруға болады, себебі олар құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне арналған әлемдегі ең ірі көпсалалы турнир саналады.

Қазақстан атынан жарысқа қатысқан Ерлан Дауренов  Grappling Division (75 кг дейін) бойынша күміс жүлде иегері атанды. Ол алдын-ала және жартылай финал кезеңдерінен сенімді өтіп, жоғары техникалық шеберлігін, тактикалық дайындығын және күрестің халықаралық деңгейдегі қарқынын көрсетті.

Ерлан Дауренов – Қазақстанды бірнеше жыл бойы халықаралық ареналарда танытып жүрген тәжірибелі спортшы. Ол:
• халықаралық турнирлердің жүлдегері және чемпионы;
• «Қыран» арнайы бөлімшесінің офицері және Қаржылық мониторинг агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі қызметкері;
• Қазақстандағы бірқатар республикалық чемпионаттардың көп дүркін жеңімпазы.

WPFG 2025-тағы күміс жүлде – Қазақстан үшін маңызды халықаралық жетістік. Бұл нәтиже еліміздің жауынгерлік және тактикалық дайындық мектебінің жоғары деңгейін, сондай-ақ қазақстандық күш құрылымдары өкілдерінің әлемдік аренада үздіктермен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдейді. Ерланның жеңісі еліміздің халықаралық беделін күшейтіп, қазақстандық спорттың танымалдылығын арттырды.

1985 жылдан бері екі жылда бір өткізілетін WPFG полиция, арнайы бөлімшелер, әскери және құтқару қызметтері үшін әлемдік деңгейдегі басты спорт аренасы. Бұл ойындарда жеңіп алынған медальдар халықаралық қауымдастықта жоғары кәсіби беделге ие.