Нұрқожа Қайпановқа Астанадан екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Qaz365.kz редакциясы

«Almaty Arena» спорт кешенінде ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз жалауын көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Биылғы біріншілік - үш стиль бойынша ұлттық құраманы жасақтау мен іріктеудегі шешуші кезең. Келер жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындары, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттары күтіп тұр.

Чемпионатқа қатысушылар арасында: төрт дүркін әлем чемпионатының жүлдегері Жамиля Бакбергенова, U23 әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек, кадеттер арасындағы әлем чемпионы Нилуфар Раимова, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздыкова, U23 әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы, жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Курбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді, грек-рим күресінен бес дүркін әлем жүлдегері Алмат Кебиспаев және басқа да белгілі спортшылар бар.

Алғашқы жарыс күнінде грек-рим күресінің 55, 63, 72, 77, 82 және 130 кг салмақ дәрежелеріндегі балуандар кілемге шықты.

Турнирдің басты сенсациясы – еркін күрестің жұлдызы, Азия чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері, екі дүркін Олимпиада қатысушысы Алишер Ерғалидың (125 кг) грек-рим күресінде өнер көрсетуі болды. 

Спортшының айтуынша, ол бірден екі стильде — еркін және грек-рим күресінде — белдесуді жоспарлап отыр.
- Алишер Ерғали - еркін күрестің тәжірибелі балуаны. Ережеде спортшының қалаған стилінде күреске қатысуына тыйым салынбаған, – деді ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, әйгілі спортшы Дәулет Тұрлыханов. Оның Қазақстан чемпионатында қалай өнер көрсететінін өзім де көргім келеді. Содан кейін ғана оның грек-рим құрамасындағы болашағы жөнінде нақты пікір айтуға болады.

Турнирдің алғашқы күнінде Алишер финалға жолдама алып, онда шымкенттік Джохар Узаровпен белдесетін болды. 

Жартылай финалда оны осы салмақ дәрежесіндегі Қазақстан құрамасының бірінші нөмірі Алимхан Сыздыков күтіп тұрған еді. Тартысты өткен белдесу Алишер Ерғалидың 6:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

- Олимпиада бағдарламасында үш стиль бойынша 18 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Біздің басты міндет — ұлттық құраманы жүйелі әрі дұрыс қалыптастыру. Келер жылы өте маңызды жарыстар бар: ең алдымен кешенді Жазғы Азия ойындары, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттары. Қазір біз әр салмақта Азия ойындарында медаль ала алатын спортшыларды қарастырып жатырмыз. Өйткені біздің құрлықтағы бәсекелестік өте жоғары. Соңғы жылдары Азия күресі айтарлықтай күшейді, соңғы Олимпиадада Азия балуандары 18 алтынның 12-сін жеңіп алды. Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан балуандары — өте мықты. Сонымен қатар араб елдері үшін көбіне Ресейден келген легионерлер белдеседі. Объективті түрде айтсақ, Азия ойындарында үш стильдің бірі бойынша бір алтын алу — үлкен жетістік болар еді, – деді Тұрлыханов.

Сонымен қатар жартылай финалдық белдесулер аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. 2024 жылғы еркін күрестен 70 кг салмақта әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпановқа Астанадан екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Ал 2024/2025 жылғы грек-рим күресінің әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиға Федерация тарапынан 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді. Оның жеке бапкері 10 мың доллармен марапатталды.

ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІНДЕГІ ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ БОЙЫНША ФИНАЛ ЖҰПТАРЫ

55-кг:
Алпамыс Дастанбек (Қызылорда облысы) – Нұрзат Қабдрахимов (Жетісу)

63-кг:
Азамат Құрман (Ақтөбе облысы) – Дастан Зарлыханов (Ақмола облысы)

72-кг:
Николай Хапко (СҚО) – Аманбек (Алматы облысы)

77-кг:
Маулен Маулитканов (Астана) – Қахарман Қисметов (БҚО)

82-кг:
Әлмир Төлебаев (Алматы облысы) – Ибрагим Магомадов (Қарағанды)

130-кг:
Алишер Ерғали (Жамбыл облысы) – Джохар Узеров (Шымкент)