Жәнібек Әлімханұлының допинг-тесті оң нәтиже көрсетті: жекпе-жек тағдыры қыл үстінде

Qaz365.kz редакциясы
No Limit Boxing

Орта салмақтағы IBF және WBO чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы VADA (Дүниежүзілік допингке қарсы қауымдастық) жүргізген тексеріс кезінде мелдоний препаратына байланысты оң нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі The Ring басылымына сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты WBO ұйымы да растады. Ұйым өкілдері қазіргі таңда ішкі тексеріс жүріп жатқанын, ал ресми қорытынды шықпайынша қосымша ақпарат берілмейтінін мәлімдеді.

Осы жағдайдан кейін боксшының осы сенбіге жоспарланған Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпеуі мүмкін. Бұл кездесуде үш чемпиондық белбеу сарапқа салынуы тиіс болған.

Мелдоний – 2016 жылдан бері WADA тыйым салған препарат. Ғалымдар ол спортшының төзімділігін арттырып, жаттығудан кейін қалпына келуді жеделдететінін, стресске қарсы тұру қабілетін күшейтетінін анықтаған.

Жәнібек Әлімханұлы бұл жаңалыққа қатысты дереу әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз», — деп жазды ол.

The Ring мәліметінше, Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) – қазіргі таңда орта салмақтағы рейтингте №1 орында тұр. Ол соңғы рет 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада жекпе-жек өткізіп, Анануэль Нгамиссенгуді бесінші раундта жеңіп, екі белбеуін қорғаған еді.

Оның қарсыласы, WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) – қазіргі таңда 42 жастағы тәжірибелі боксшы, әрі белбеу иелері арасындағы ең жасы үлкен чемпион.

Егер Жәнібек Әлімханұлының рингке шығуына рұқсат берілмесе, оның орнына кубалық Ларамен колумбиялық Йохан Гонсалес жұдырықтасуы мүмкін.