Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына енгізілетін болды

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстандық бокс жұлдызы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енеді. Ресми ақпарат 4 желтоқсанда ұйымның Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

GGG Антонио Тарвер (АҚШ) және Найджел Бенн (Ұлыбритания) сынды әлемдік бокстың танымал есімдерімен бірге 2026 жылғы таңдаулы тізімге кірді.

Даңқ залына енгізу рәсімі 2026 жылдың 11–14 маусымы аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Канастота қаласында өтеді.

Геннадий Головкин – Халықаралық бокс даңқ залына енген тарихтағы алғашқы қазақстандық, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктен төртінші боксшы. Бұған дейін бұл құрметке Костя Цзю мен Кличко ағайындылар ие болған еді.

GGG-дің мансабы бұл шешімнің заңды екенін айқын дәлелдейді. Әуесқой рингте ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанып, Олимпиадада күміс медаль иеленді. Профессионалдар арасында орта салмақта WBA, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы болып, 45 айқастың 42-сінде басым түсті, оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Головкиннің қатарынан 23 нокаутқа жеткен рекордтық сериясы салмақ санатындағы ең ұзақ көрсеткіш саналады, ал нокаут үлесі 90 пайыздан асқан бірегей спортшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол бірнеше жыл әлемнің ең үздік боксшылары рейтингінде (P4P) көш бастап тұрды.