Бублик әлемнің ең үздік 10 теннисшісінің қатарына енді

Qaz365.kz редакциясы
Clive Brunskill / Getty Images

Қазақстандық теннисші Александр Бублик ATP рейтингінде оныншы орынға көтерілді. Ол жалпы есепте 3065 рейтингтік ұпай жинап, британ Джек Дрейперді артта қалдырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазіргі таңда ATP рейтингінің көшін испаниялық Карлос Алькарас бастап тұр. Екінші орында италиялық Янник Синнер, ал үздік үштікті Германия өкілі Александр Зверев түйіндейді.

Бұл – Александр Бубликтың кәсіби мансабындағы тарихи жетістік. Ол алғаш рет әлемнің ең үздік 10 теннисшісінің қатарына енді. 11 қаңтар күні қазақстандық спортшы Гонконгта өткен ATP 250 сериясындағы турнирді жеңіспен аяқтады. Финалда Бублик әлемнің жетінші ракеткасы Лоренцо Музеттиді 7:6 (7:2), 6:3 есебімен жеңді.

Осылайша Александр Бублик Қазақстан тарихында ерлер арасындағы жекелей сында ATP рейтингінің топ-10 қатарына кірген алғашқы теннисші атанды.

Айта кетейік, ATP рейтингі – соңғы 52 аптада өткен турнирлердегі нәтижелерге негізделіп, кәсіби ерлер теннисшілерін саралайтын жүйе.