Елена Рыбакина Australian Open-нің жартылай финалына шықты

Qaz365.kz редакциясы
Informburo

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Grand Slam санатына кіретін Australian Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Әлемнің бесінші ракеткасы ширек финалда дүниежүзілік рейтингте екінші орында тұрған польшалық Ига Швентекті 7:5, 6:1 есебімен сенімді түрде жеңді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Екінші сеттегі 6:1 нәтижесі теннис тілінде «багет» деп аталады. Себебі француз нанының пішіні «1» санына ұқсайды. Осыған байланысты жанкүйерлер әлеуметтік желілерде «Рыбакина Швентекке багет ұстатты» деп жазып жатыр. Айта кетейік, Рыбакина турнирдің алғашқы төрт кезеңінде рейтингте өзінен төмен тұрған қарсыластарын ұтқан.

Биылғы Australian Open барысында қазақстандық теннисші әлі бірде-бір сет ұтылған жоқ. Ол бес ойында кортта аз уақыт өткізіп, соңғы 19 матчтың 18-інде жеңіске жетті. Жартылай финалда Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.

Бұл – Рыбакинаның Australian Open жарысындағы екінші жартылай финалы. Ол 2023 жылы финалға дейін жетіп, белоруссиялық Арина Сабаленкаға жол берген болатын. Жалпы, Рыбакина бір рет Grand Slam турнирінің чемпионы атанған. 2022 жылы ол Wimbledon жарысында топ жарды. Осылайша, Grand Slam турнирін жеңген алғашқы қазақстандық теннисші ретінде тарихқа енді. Ресейде дүниеге келген Рыбакина 2018 жылдан бері Қазақстан азаматтығын алған.

Теннисте ең беделді төрт турнир – Australian Open, Roland Garros, Wimbledon және US Open. Бұл жарыстарда ширек немесе жартылай финалға шығудың өзі үлкен жетістік саналады. Рыбакина Australian Open жартылай финалына шыққаны үшін 841 мың доллар жүлдеақы мен 780 рейтингтік ұпайға ие болды. Ал турнир жеңімпазы 2000 ұпай мен одан да қомақты сыйақы алады.