Елена Рыбакина Australian Open финалына шықты

Qaz365.kz редакциясы
ҚТФ

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open турнирінің финалына жолдама алды. Әлемнің бесінші ракеткасы жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы екі сетте (6:3, 7:6) жеңді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Финалда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Бұл — қазақстандық спортшының Australian Open додасының финалына екінші рет шығуы. 2023 жылғы финалда Рыбакина дәл осы Соболенкодан екі сетте жеңілген еді.

Жалпы, Елена Рыбакина Grand Slam турнирлерінің финалына үшінші мәрте жолдама алып отыр. 2022 жылы ол Англиядағы Wimbledon жарысында чемпион атанған.

Australian Open финалына шыққанының нәтижесінде, матчтың қорытындысына қарамастан, Рыбакина келесі аптадан бастап әлемдік рейтингте 5-орыннан 3-орынға көтеріледі.

Айта кетейік, Елена Рыбакина Ресейде дүниеге келген. Ол 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапында өнер көрсете бастады. Спортшы бұған дейін мансабындағы қаржылық қиын кезеңде Қазақстанның қолдау көрсеткенін айтып, алғысын білдірген болатын.