Кеңес Рақышев Шавкат Рахмоновқа қолдау білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Кәсіпкер спортшының қайсар мінезі мен ерекше күш иесі екенін атап өтті

Фото: instagram.com/rakishev_kenges/

Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Рақышев әлеуметтік желідегі парақшасында жаңалықтардан Шавкат Рахмоновтың тағы да жарақат алғанын естіп, көңілі құлазып қалғанын, оған аға ретінде демеу көрсеткісі келетінін жазды.

`Шавкат, сен қиын балалық шақты бастан кештің. Жастайыңнан ауыр еңбек етіп, жақсы күндерді сабырмен күте алдың. Бұл да сондай өтпелі күндердің бірі.Ең бастысы – деніңнің сау болғаны. Қалғанының бәрі екінші орында”, – деп жазды Кеңес Рақышев.

Кәсіпкер Шавкат Рахмоновтың қайсар мінезі мен ерекше күшке ие екенін әлдеқашан дәлелдегенін атап өтті. 

“Сен бізге қайсар мінезіңді, ерекше күш иесі екеніңді әлдеқашан дәлелдедің. Тек бізге емес, бүкіл әлем соған куә. Сен біз үшін батырсың. UFC-ге барған қазақстандықтарға жол салып, арттарыңнан ерушілерге үлкен мүмкіндік аштың,туымызды таныттың”, – деп жігер берді.

Сонымен қатар, кәсіпкер Шавкат Рахмоновтың үлкен мақсатқа жетудің кілті – еңбек пен сабыр екенін дәлелдеп, талай жастың жүрегінде үміт отын жағып, үлкен мотивация бергенін айтты.

Жазбасының соңында Кеңес Рақышев спортшыға саулық тілеп, қазақстандықтардың әрдайым оның жанында екенін жеткізді.

“Денің сау, жүрегің тыныш болсын, батыр! Біз әрқашан сенімен біргеміз!” – деп түйіндеді ол тілегін.