2029 жылғы қысқы Азиада Қазақстанда өтеді

Qaz365.kz редакциясы
Сали Сабиров

Қазақстан 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Бұл жөнінде Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі Азия Олимпиадалық кеңесіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қысқы Азиаданы өткізуге қатысты ресми келісімге 5 ақпанда Италияның Милан қаласында қол қойылмақ.

Алғашында жарысты Сауд Арабиясында салынып жатқан Неом қаласы өткізуі жоспарланған еді. Алайда ел үкіметі құрылыс жұмыстарының уақытынан кешігуіне байланысты ойындарды кейінге шегеруге мәжбүр болғанын мәлімдеді.

Қазақстан бұл додаға екінші мәрте қожайын болғалы отыр. 2011 жылы қысқы Азия ойындары Алматы мен Астанада бірлесіп өткен. Кейін Алматы 2017 жылғы Қысқы Универсиаданы өткізу үшін заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптастырды. Сондай-ақ қала 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға үміткер болғанымен, шешуші кезеңде Бейжіңге жол берген.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды.