Шайдоровтарға арналған машиналар мен пәтер: белгілі бизнесмен және астаналық құрылыс компаниясы құнды сыйлықтар тарту етті

Qaz365.kz редакциясы

Айрықша құрмет пен ықыластың белгісі ретінде

Ашық дереккөздерден

Белгілі қазақстандық кәсіпкер Арсен Томский, inDrive компаниясының басшысы, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа Audi Q8 сыйлайтынын айтты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оған отбасының бір кездері ұлының арманын жүзеге асыру үшін жалғыз көлігін сатқаны туралы әңгіме айрықша әсер еткен.

«Еліңнің абыройын асқақтатып, мақтанышы болу қандай ғажап! Осындай сезім сыйлағаны үшін Михаил Шайдоровқа рахмет! Олимпиада ерекше спорт түрінен алтын медаль жеңіп алу – зор мәртебе. Айрықша құрмет пен ықылас білдіре отырып, мен сыйлықты осы жеңістің бастауында тұрған жанға жасағым келеді. Өзімнің және барша қазақстандықтардың атынан чемпионның әкесі Станислав Александровичке AUDI Q8 көлігін тарту етемін. Оның ұлы Михаилдың алғашқы жаттықтырушысы ғана емес, бір кездері баласының арманын жүзеге асыру үшін астындағы жалғыз көлігін сатқаны мені ерекше тебірентті. Бүгінде ұлы әке үмітін ақтап, арманының асқақ шыңы Олимпиаданың алтын медаліне қол жеткізіді», – деп жазды ол.

Бұл Шайдоровтардың отбасына Олимпиададағы жеңісі үшін берілген алғашқы көлік емес.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алуымен құттықтап, оған автокөлік сыйлауға уәде берген болатын.

Сонымен қатар Астана қаласындағы құрылыс компанияларының бірі Олимпиада чемпионына Есіл өзенінің жағасындағы NEW CITY LIFE тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты.