Жарысқа 10 мен 75 жас аралығындағы спортшылар қатысты
Алматыда қалалық әкімдіктің қолдауымен «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған Winter Run жарысы өтті. Бұл биылғы жүгіру маусымындағы алғашқы старт. Жарыс жолына 22 елден келген 2 500 адам шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Winter Run дәстүрлі түрде әуесқойлар мен тәжірибелі спортшыларды біріктіріп, жаңа маусымның символдық басталуына айналды. Биыл жарысқа 22 мемлекеттен 2 500 қатысушы тіркеліп, оның ішінде шетелден келген спортшылар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 116 адам болды.
Жоба географиясы Орталық Азия елдерін – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтыды. Сонымен қатар Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Швейцария, Швеция, Норвегия, Украина, Беларусь және Ресей азаматтары қатысты. АҚШ, Канада, Қытай, Моңғолия, Филиппин және Жаңа Зеландиядан келген желаяқтар да жарыс көркін қыздырды.
Жарысқа 10 мен 75 жас аралығындағы спортшылар қатысты. Ең жас спортшы алғашқы мерейтойын дәл жарыс жолында атап өтсе, ең үлкен жастағы қатысушы жүгірудің жасқа бағынбайтын спорт екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есеновтің айтуынша, қысқы старт жыл бойы өтетін жарыстарға серпін береді: «Биыл біз үшін айрықша жыл,Almaty Marathon алғашқы стартынан бері 15 жыл толып отыр. Барлық жарыс қатысушыларды маусымның басты оқиғасына жүйелі түрде дайындауға бағытталған. Қор ұйымдастыратын старттардың халықаралық мәртебесі нығайып келеді, түрлі елдерден спортшылар келуі қаланың экономикасы мен шағын бизнесінің дамуына да оң ықпал етеді».
Маусымдағы келесі ірі жарыс — 19 сәуірде өтетін Almaty Half Marathon. Оған 10 мың қатысушы жиналмақ.
Ал 27 қыркүйекте алғашқы старттың 15 жылдығына арналған мерейтойлық Almaty Marathon өтеді. Бағдарламада 10 шақырым, 10 шақырым (скандинавиялық серуен), 21,1 шақырым, 42,2 шақырым қашықтықтар және «Экиден» командалық эстафетасы қарастырылған.
Дәстүр бойынша «Бірінші болу - батылдық» қоры старттық жарналардың бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттайды. Қатысушылар қосымша ерікті қайырымдылық жарна аудару мүмкіндігіне де ие.
Almaty Marathon және Almaty Half Marathon жарыстарына тіркелуге болады. Жарыстардың толық күнтізбесі almaty-marathon.kz сайтында жарияланған.