Миланда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған Софья Самоделкина әйелдер арасындағы жекелей сында үздік ондықтың қатарына қосылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Самоделкина еркін бағдарламада 138,99 балл жинап, екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 207,46 балл иеленді. Бұл көрсеткіш спортшының жеке рекорды болып тіркелді. Әйелдер арасындағы бәсекеде алтын жүлдені америкалық Алиса Лю (226,79 балл) жеңіп алса, күміс пен қола Жапония өкілдері Каори Сакамото (224,90 балл) мен Ами Накаиға (219,16 балл) бұйырды.
Бұл нәтиже Қазақстанның әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау тарихындағы жаңа жетістік. Бұған дейін 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында Элизабет Тұрсынбаева 12-орынға табан тіреген болатын. Осылайша, Софья Тұрсынбаеваның көрсеткішін жаңартып, үздік ондыққа енді.
Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында бір алтын медаль бар. Оны мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров сенсациялық түрде жеңіп алған болатын.
Миландағы үздік ондыққа енген қазақстандықтар:
Надежда Морозова (конькимен жүгіру) – 3000 метрге жүгіруден 6-орын;
Денис Никиша (шорт-трек) – 500 метрлік қашықтықта 7-орын;
Илья Мизерных (трамплиннен секіру) – үлкен трамплинде 8-орын;
Анастасия Городко (фристайл) – параллельді могулдан 8-орын;
Евгений Кошкин (конькимен жүгіру) – 500 метрлік қашықтықта 9-орын.